Қытайдың Шэньчжэнь қаласы Наньшань ауданындағы Танглан және Янтай тауларының ортасында орналасқан 10 шақырымдық «Роботтар алқабы» бірегей жеткізу тізбегі мен ғылым мен өндірістің терең интеграциясының арқасында робототехника саласының жаһандық орталығына айналды.
Синьхуа ақпарат агенттігінің мәліметінше, бұл алқапта қазіргі уақытта робототехникамен айналысатын 200-ден астам компания мен ондаған университет шоғырланған. Бұл өңірдегі өндірістік тізбектің барлық кезеңінде өзара тығыз ынтымақтастықтың дамуына жол ашты.
2026 жыл бұл сала үшін технологиялық жетістіктер мен капитал нарығындағы қос серпіліспен ерекшеленді. Айталық, сәуір айында «Shenzhen Honor Smart Technology Development» компаниясы әзірлеген «Флэш» гуманоидты (адам тәріздес) роботы Бейжіңде өткен E-Town жартылай марафонында жеңіске жетті. Алғашқы алты орынды иеленіп, адамдар арасындағы әлемдік рекордты жаңартқан бұл машина қозғалтқыш жүйелері мен қозғалысты басқарудағы үздік жетістіктерді көрсетті.
Капитал нарығы да бұл үрдіске бірден үн қосқан. Мамыр айында Шэньчжэнь қор биржасы «Leju Robotics» компаниясының акцияларын алғашқы жария орналастыру (IPO) туралы өтінішін мақұлдады. Компания бұл арқылы шамамен 381 миллион АҚШ доллары тартуды жоспарлап отыр.
Өндіріс саласындағы қуаттылық та айқын көрініс табуда. Коллаборативті роботтар шығарумен айналысатын жергікті «DOBOT» пионері 2025 жылы жөнелтілген өнім көлемін 100 000 бірліктен асырып, жаһандық экспортта қатарынан сегіз жыл бойы көш бастап тұр. Ал мамыр айында «EngineAI Robotics» компаниясы «Роботтар алқабы» аумағында өзінің жаңа базасын ашып, әр 15 минут сайын T800 гуманоидты роботын шығаруға қауқарлы конвейер желісін іске қосты.
Осы жетістіктердің арқасында 2025 жылы Шэньчжэньнің робототехника секторы тарихи жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді:
-
Гуманоидты роботтар өндірісі өткен жылмен салыстырғанда 83,1%-ға өсіп, 343 400 бірлікті құрады;
-
Робототехника өнеркәсібі өнімінің жалпы құны 240 миллиард юаньнан асып, жылдық өсім 20%-дан жоғары болды.
«NVIDIA» бас директоры Дженсен Хуанг атап өткендей, Гуандун-Гонконг-Макао Үлкен шығанағы (GBA) аймағы мехатроника мен жасанды интеллектті қатар дамыта алған әлемдегі жалғыз өңір ретінде бірегей артықшылыққа ие.
Ғылым мен өндірістің мұндай тығыз байланысы өнім әзірлеуді барынша жеделдеткен. Шэньчжэнь озық технологиялар университетінің президенті Фань Цзяньпин бұл жағдайды былай сипаттайды:
«Мұнда профессордың таңертең жарық көрген ғылыми мақаласы кешке қарай көрші компанияның өндірістік желісінде тексеріліп, тәжірибеден өте алады».
Бұл серпіліс Қытайдың 15-ші бесжылдық жоспары аясындағы озық салаларды дамыту жөніндегі ұлттық стратегиясының айқын көрінісі. Бүгінде Қытай әлемдегі ең ірі робот өндіруші мемлекетке айналды. Зерттеулерге сәйкес, 2025 жылы Қытайда 140-тан астам гуманоидты робот өндірушісі болған, ал олардың өнім көлемі жаһандық нарықтың 84,7%-ын құраған.
