Қырғызстан Жогорку Кенешінің депутаты Бурул Аманова Қылмыстық кодекске «Әйел адамды өлтіру (фемицид)» деп аталатын жеке қылмыс құрамын енгізуді көздейтін түзетулер бастамасын көтерді. Заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды SteppeNews.kz АКИpress ақпараттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Құжаттың анықтамалық-негіздемесінде көрсетілгендей, бұл заң жобасы қыздар мен әйелдердің өмір сүру құқығын қорғауды күшейтуге, сондай-ақ әйел өліміне әкеп соқтырған қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған.
Заң жобасы бойынша Қылмыстық кодекс 122¹-баппен («Әйел адамды өлтіру (фемицид)») толықтырылмақ. Жаңа норманың қолданысына келесі қылмыстарды жатқызу ұсынылып отыр:
- Гендерлік кемсітушілік (дискриминация) мотивтері бойынша әйелді өлтіру;
- Әйелдің жүктілік жағдайында екенін анық біле тұра өлтіру;
- Зорлаумен немесе өзге де нысандардағы жыныстық құмарлықты күш қолдану арқылы қанағаттандырумен ұласқан кісі өлтіру;
- Әйелді өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу немесе итермелеу (егер бұл өлімге әкеп соқса).
Жоғарыда аталған қылмыстарды жасағаны үшін жазаның тек бір ғана түрін — мүлкін міндетті түрде тәркілей отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыруды белгілеу ұсынылды. Заң жобасы бұндай қылмыстар үшін баламалы жаза түрлерін тағайындау мүмкіндігін толықтай жоққа шығарады.
Жаңа баптың енгізілуіне байланысты, қолданыстағы 122-баптан («Кісі өлтіру») жүкті әйелді өлтіру және зорлаумен ұласқан кісі өлтіру туралы ережелерді алып тастап, оларды фемицид туралы жаңа бапқа көшіру көзделуде. Сонымен қатар, бұл қылмысты жасаған тұлғаларға ешқандай рақымшылық қолданылмайтын болады.
Депутат келтірген Қырғызстан Бас прокуратурасының мәліметінше, елде әйелдерді өлтіру статистикасы өсіп жатыр. Мәселен, 2024 жылы кісі өлтіру дерегі бойынша 155 қылмыстық іс қозғалса, оның 33-і әйелдерді өлтіру фактісі болған. Ал 2025 жылы кісі өлтіру бойынша 158 іс тіркеліп, оның ішінде 37-сі әйелдерге қатысты жасалған. Бастамашының пікірінше, бұл сандар жауапкершілікті шұғыл түрде қатайту қажеттігін дәлелдейді.
Заң жобасының авторы «фемицид» терминінің тек гендерлік кемсітушілік негізінде әйелді өлтіруді білдіретінін және оның феминизм немесе феминистік қозғалыстарға еш қатысы жоқтығын нақтылады. Басты мақсат — әйел затының өмірін қорғау және мұндай ауыр қылмыстардың алдын алу.
