Алматыда Қытайдың Турфан қаласының (ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы) инвестициялық, сауда-экономикалық және туристік әлеуетінің таныстырылымы өтті, деп хабарлайды SteppeNews.kz.
Бұл шара Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары, бизнес қауымдастығы және туризм саласы өкілдерінің басын қосты.
Форум Турфан қаласы туралы таныстырылымдық фильмнің көрсетілімімен ашылды. Шара барысында Алматы облысы мен Турфан қаласы басшылығының, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының өкілдері құттықтау сөз сөйледі.
Кездесу барысында қытайлық тарап Турфанның сауда, өнеркәсіп, инвестиция, мәдениет және туризм салаларындағы мүмкіндіктерін таныстырды. Өз кезегінде қазақстандық қатысушылар Алматы облысы мен Алматы қаласының инвестициялық әлеуетін көрсетіп, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін нақтылады.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Қанат Есболатов Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы 26 миллионнан астам халқы бар Қытайдың ең ірі өңірлерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде аймақта жалпы құны шамамен 2,6 млрд юань болатын 40 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың арқасында 15 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылмақ.
«Бұл жобалар өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, инвестиция тартуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады», — деп атап өтті Қанат Есболатов.
Форумның басты оқиғасы — ынтымақтастық туралы жеті келісім мен меморандумға қол қою рәсімі болды. Құжаттар сауда-экономикалық байланыстарды дамытуды, бірлескен инвестициялық және өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруды, сондай-ақ мәдениет, туризм және трансшекаралық туристік алмасу саласындағы серіктестікті кеңейтуді көздейді.
Шара қорытындысы бойынша қатысушылар қол қойылған келісімдер Турфан мен Қазақстан арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңіне айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, бұл қадам өзара инвестиция көлемін ұлғайтуға, тауар айналымын өсіруге және экономиканың түрлі салаларында бірлескен жобаларды сәтті жүзеге асыруға септігін тигізбек.
