1 шілдеден бастап өміріміз қалай өзгереді? Басты жаңалықтарға шолуОсы жаздың ортасынан бастап Қазақстанда үлкен өзгерістер толқыны басталады. Жаңа ережелер мемлекеттік жүйені ғана емес, қарапайым халықтың күнделікті тұрмысын — самокат мінуден бастап, интернет-дүкендерден зат сатып алуға дейінгі әдеттерін түбегейлі өзгертпек. Бұл туралы Kursiv Media Казахстан басылымының деректеріне сүйеніп SteppeNews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ең басты жаңалық — 15 наурыздағы референдумда қабылданған жаңа Ата заң ресми түрде күшіне енеді. Енді қос палаталы парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Ұлттық Құрұлтай құрылады. Сондай-ақ елде вице-президент лауазымы пайда болып, конституция күні наурыз айының 15 — іне ауыстырылды. Осы өзгеріске байланысты бұрынғы 30 тамыздағы мерекелік демалыс жойылды. Сондықтан шілде айында бес күндік жұмыс аптасымен еңбек ететіндер 22 күн жұмыс істеп, 9 күн демалады.
Қала көшелеріндегі қауіпсіздік те қатаң бақылауға алынбақ. Енді электросамокаттармен тротуарда жүруге толықтай тыйым салынады және олардың жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы тиіс. Самокаттарға арнайы мемлекеттік нөмірлер тағылып, олар міндетті түрде сақтандырылады. Көлікті тек 18 жастан асқан және жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана жалдай алады. Бұл реформаға өткен жылы самокаттың әсерінен 139 жол апаты болып, 149 адамның жарақат алуы себеп болды.
Қаржы саласында да үлкен цифрлық реформа күтіп тұр. Елімізде бірыңғай ұлттық QR-код іске қосылып, сатып алушыларға кез келген банктің қосымшасымен есеп айырысуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде дүкендер мен кәсіпкерлер картамен де, QR-кодпен де төлем қабылдауға міндеттеледі. Бұл талапты орындамағандарға алғашқыда ескерту жасалып, заң бұзушылық қайталанса 40-тан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін әкімшілік айыппұл салынады.
Шетелдік маркетплейстерден (AliExpress, Temu, Amazon) жиі тапсырыс беретіндер де жаңа ережеге үйренуі тиіс. Егер сырттан келетін сәлемдеменің құны 200 еуродан асып кетсе, 5 пайыздық БАЖ салығы тек асып кеткен бөлігінен емес, тауардың жалпы құнынан есептеледі. Оған қоса, заттың жалпы сомасынан 16 пайыздық қосымша құн салығы (ҚҚС) тағы ұсталады. Алайда бұл салықтық өзгерістер отандық танымал интернет-платформаларға әсер етпейді.
Шілде айынан бастап газ бен жол жүру ақысы да қымбаттайды. Елімізде тауарлы газдың көтерме бағасы бірден 33 пайызға өседі және бұл үрдіс алдағы үш жыл бойы жалғасып, инфляцияны 0,16 пайызға көтеруі мүмкін. Теміржол көлігінде де билет құнын есептеудің жаңа әдісі енгізіліп, вагондардағы жоғарғы және төменгі орындардың бағасы екі бөлек бекітіледі. Алдағы уақытта теміржол тарифтері орта есеппен 12 пайызға дейін өсіп, бұл жалпы инфляция деңгейіне 0,3-тен 0,5 пайызға дейін әсер етпек.
Құрылыс нарығындағы тәртіпті реттеу үшін арнайы жаңа кодекс жұмысын бастайды. Бұл құжат нысандардың сапасы мен сейсмикалық қауіпсіздігін күшейтіп, жобалау құжаттарын екі жылда бір реттен жиі өзгертуге тыйым салады. Енді қала құрылысы құжаттарын талқылауға кемінде 50 жеке немесе заңды тұлға қатысуы керек. Сонымен қатар, елімізде үлескерлерді алдап кететін немесе міндетін сапасыз орындайтын мердігерлердің электронды қара тізімі (реестрі) жүргізіле бастайды.
