Қытайдың Гуйян қаласында өткен бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі отандық спортшылар үшін аса сәтті аяқталды. Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы халықаралық турнирді жоғары нәтижемен аяқтады. Ел қоржыны 5 алтын және 3 қола медальмен толықты, деп хабарлайды SteppeNews.kz Ұлттық Олимпиадалық комитетіне (ҰОК) сілтеме жасап.
Шешуші жарыс күнінде шаршы алаңға шыққан отандастарымыз жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантты. Әйелдер құрамасы сапынан 54 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Назым Қызайбай финалда Италия өкілі Сирин Чараабиден басым түсіп, ел қоржынына алғашқы алтынды салды. Сондай-ак 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Виктория Графеева шешуші жекпе-жекте Тайбэйден келген Олимпиада чемпионы Юй-Тин Лиді қапы қалдырып, сенімді жеңіске жетті.
Ерлер арасындағы бәсекеде де боксшыларымыз осал еместігін дәлелдеді. 70 келіге дейінгі салмақтың финалдық айқасында Абылайхан Жүсіпов Үндістан өкілі Дипакты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен ұтып, чемпион атанды. Одан кейін 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Санжар Тәшкенбай жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол тартысты өткен финалда Өзбекстан спортшысы Асилбек Джалиловты төрешілердің екіге бөлінген шешімімен жеңді.
Қазақстан құрамасының бес алтынмен жарысты аяқтауына аса ауыр салмақтағы боксшымыз Айбек Оралбай нүкте қойды. 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінің финалында қазақстандық спортшы Германия өкілі Никита Путиловтан басым түсіп, турнирдің бас жүлдесін иеленді.
Бұған дейін Әлем кубогының екінші кезеңінде жартылай финалда сүрінген үш бұрымды боксшымыз жарысты қола медальмен аяқтаған болатын. Олар — 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева, 80 келіде Валерия Аксенова және 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен Дина Исламбекова.
Осылайша, Қазақстан боксшылары Қытай шаршы алаңында жоғары дайындық пен мықты мінез көрсетіп, халықаралық аренадағы үстемдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
