Дүкен сөрелеріндегі азық-түлік, тұрмыстық техника мен құрылыс материалдарының қымбаттауын халық әдетте инфляциямен немесе валюта бағамының құбылуымен байланыстырады. Алайда нарықтағы баға белгілеуге көлеңкедегі тағы бір алып фактор — логистикалық шығындардың еселеп артуы қатты әсер ете бастады, деп хабарлайды SteppeNews.kz Qazaq Expert Club – қа сілтеме жасай отырып.
Соңғы бес жыл ішінде елімізде теміржол тарифтері 40%-дан 70%-ға дейін өскен. Ал халықаралық автотасымал қызметі тек соңғы бір жылдың өзінде 10–20%-ға қымбаттаса, кейбір контейнерлік бағыттардағы өсім тіпті 30%-ға жеткен. Жеткізу құнының бұлайша шарықтауына не себеп және бұл үрдісті тежеу мүмкін бе?
Qazaq Expert Club логистика саласының сарапшысы Айнұр Дивееваның айтуынша, шығындардың өсуіне бірнеше ішкі және сыртқы факторлар әсер етіп отыр.
Біріншіден, тасымалдаушылардың меншікті шығындары артып келеді. ҚТЖ мен Табиғи монополияларды реттеу комитетінің деректеріне сай, магистральдық теміржол желісінің тарифтері жыл сайын индекстеліп отырды. Автокөлік тасымалында да жағдай күрделі. Жанармай, қосалқы бөлшектер, техникалық қызмет көрсету және жүргізушілердің еңбекақысы тоқтаусыз өсуде.
Екіншіден, нарықта вагондар, контейнерлер мен автокөліктер тапшылығы кезең-кезеңімен туындап отырады. Тасымалға деген сұраныстың ұсыныстан озып кетуі логистикалық қызмет көрсету құнын заңды түрде жоғарылатады.
Үшінші себеп — жеткізу уақыты мен шекарадағы кідірістер. Бүгінде бизнес тек тасымал үшін ғана емес, жолда бос тұрған уақыт үшін де ақы төлеуге мәжбүр. Жүктеме жоғары кездерде шекарадағы кідіріс апталарға созылып, ірі экспорттаушыларды күніне миллиондаған теңге шығынға батырады. Мәселен, контейнерлік тасымалда бір контейнердің тәуліктік тұрып қалуы жүздеген доллар шығын әкелуі мүмкін.
Қазақстанның тағы бір географиялық ерекшелігі — қашықтықтың тым үлкендігі және ашық теңізге тікелей шығар жолдың жоқтығы. Бірнеше рет қайта тиеуді қажет ететін Транскаспий халықаралық көлік дәлізі, Кавказ арқылы өтетін маршруттар мен оңтүстік бағыттар ең шығынды бағыттар болып қала береді. Әрбір қосымша тиеу тасымал құнын еселей түседі.
Сарапшының түсіндіруінше, көлік шығынының өсуіне, ең алдымен, таза табысы төмен өнімдер тез реакция береді. Олардың қатарында астық, ұн, ауыл шаруашылығы өнімдері, көмір, құрылыс материалдары, тау-кен және металлургия кешенінің өнімдері, сондай-ақ күнделікті тұтыну тауарлары бар.
Сонымен қатар, бұл әсер қымбат сегменттерде де анық байқалады. Мәселен, тұрмыстық техника мен электроника құнының 5%-дан 15%-ға дейінгі үлесін тек көлік шығындары құрап отыр. Ал маркетплейстер арқылы елдің шалғай өңірлеріне шағын партиямен тауар жеткізу кезінде бұл көрсеткіш одан да жоғары болады.
Мамандардың есебінше, 2026–2027 жылдары да тасымалдау құны төмендей қоймайды. Нарыққа тарифтердің әрі қарайғы индекстелуі, локомотивтер мен вагондар паркін жаңарту қажеттілігі, жалақының өсуі және жалпы инфляциялық процестер қысым көрсетуді жалғастыра бермек.
Көлік шығындарының өсуін толық тоқтату мүмкін емес. Алайда мемлекет пен нарық қатысушылары бірлесіп, шекара маңындағы инфрақұрылымды жедел дамытуы, кедендік рәсімдерді толық цифрландыруы, кідіріс уақытын қысқартуы және көлік дәліздерінің өткізу қабілетін арттыруы тиіс.
Логистика әлдеқашан тек салалық тақырып болудан қалды. Жүктердің ел ішінде және шекара арқылы қаншалықты жылдам әрі тиімді қозғалатыны миллиондаған қазақстандық үшін дүкендегі баға деңгейіне, отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігіне және экономиканың экспорттық әлеуетіне тікелей әсер етеді.
