Алматы қаласы Алмалы аудандық соты жалған шот-фактура жазу арқылы мемлекетке жүздеген миллион теңге шығын келтірген Түркия азаматы Чатал Эмреге қатысты үкім кесті, деп хабарлайды SteppeNews.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Сот анықтағандай, қылмыстық схема 2020 жылдан бастап жұмыс істеген. Чатал Эмре бұған дейін сотталған Сердар Гираймен бірлесіп, өздеріне бағынышты бірнеше ЖШС (GIRAY HOLDING, GMS Granit, CMS Grup т.б.) арқылы іс жүзінде атқарылмаған жұмыстар мен қызметтерге жалған құжаттар рәсімдеп отырған. Бұл фирмалардың көбі Түркия азаматтарына тіркелгенімен, олардың өндірістік базасы, қоймалары мен жұмысшылары болмаған.
Жалған құжаттар контрагенттерге салықтан жалтаруға мүмкіндік берген. Тек «GMS Granit» компаниясы арқылы 2023 жылдың наурыз-маусым айларында мемлекетке 482,4 млн теңге, ал «GMS GRUP» арқылы 129,5 млн теңге зиян келген.
Чатал Эмре өз кінәсін мойындамай, отандастарына тек аудармашы ретінде көмектескенін, ал схеманы Гирай ұйымдастырғанын алға тартты.
Алайда сот куәгерлердің айғақтары мен сараптама қорытындылары негізінде бұл уәжді теріске шығарды.
Сот Чатал Эмрені кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған амнистия заңы ескеріліп, жаза мерзімі үштен бірге қысқартылып, 2 жыл 8 айға бекітілді. Ол жазасын қауіпсіздігі барынша төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді және 7 жыл бойы коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқара алмайды.
