Қазақстандықтарға бизнес ашуға 1,7 млн теңгеден грант беріледі
Елімізде кәсіпкерлік бастамаларға қайтарымсыз гранттар халықтың әлеуметтік осал санаттарына бөлінеді. Өтінім қабылдау маусымның 24 мен шілденің 8 аралығында Business.enbek.kz порталында жүргізіледі.
Қайтарымсыз грант мөлшері
Қайтарымсыз қолдау, бір рет қана беріледі. Оның мөлшері 400 АЕК немесе 1 730 000 теңгеге тең. Әр азамат грантты тек бір мәрте ала алады. Өтінімді жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар бере алады.
Конкурсқа кімдер қатыса алады?
Мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер.
Әлеуметтік санаттар:
Мүгедектігі бар адамдар
Қандастар
Өңіраралық қоныс аударушылар
АӘК алушылар
Көпбалалы отбасылар
Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған тұлғалар және олардың
жұбайлары.
Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.
Сонымен қатар соңғы үш жылда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту сертификаты болуы шарт.
Өтінім беру тәртібі:
Порталда тіркелу.
Өтінім нысанын толтыру.
Бизнес-жоспарды жүктеу.
Құжаттарға ЭЦҚ арқылы қол қою.
Грант қаражатын пайдалану:
Құрал-саймандар, еңбек құралдары, жабдықтар сатып алу.
Ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстар алуға.
Көшеттер, тұқымдар мен материалдар сатып алуға.
Үй-жайды жалға алу шығындарын төлеуге жұмсауға болады.
Ал тұтынушылық мақсаттарға – несие өтеу, тұрғын үй сатып алу, жер телімін алу, шетел валютасы мен бағалы қағаздар сатып алу – пайдалануға болмайды.
Бірінші лекке 3 764 грант беріледі (Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан басқа барлық өңірде). 2026 жылы жалпы 9 мың грант бөлу көзделіп отыр.
