SteppeNews.kz: Қазақстанда енді мектеп бітіру кештерін мейрамхана, кафе, банкет залы, демалыс базалары мен табиғат аясында өткізуге тыйым салынды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, биыл оқу жылын аяқтау жаңа талаптар бойынша ұйымдастырылады. Сонымен қатар мектептерге ата-аналардан ақша жинауға және түлектерге арналған шараларға сыйлық талап етуге де тыйым салынған.
Аттестаттар мен дипломдарды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының қабырғасында өткізіледі. Министрлік бұл шаралар қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын түсіндірді.
25 мамыр күні еліміздегі барлық мектепте «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты өтеді. Онда оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері атап өтіледі және жазғы демалыс кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер таныстырылады.
Биыл Қазақстан бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтайды. Оның ішінде 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.
