SteppeNews.kz: Алматыда «Музейлер түні-2026» ауқымды мәдени акциясы дүркіреп өтті. Сағат 18:00-ден түн жарымына дейін қаланың ең ірі 6-7 музейі есігін тегін айқара ашты. Бұл түн мәдени марафонға ғана емес, нағыз рекордтар шеруіне айналды. Мәдениетсүйер қауымның басты бас қосу нүктесі — 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейінің алды болды.
Дәл осы жерде, музей жанындағы алаңда ерекше қозғалыс пен халықаралық деңгейдегі оқиға қатар өріліп жатты. Мадина Ашилова өз командасымен бірге кешкі сағат 16:00-ден 18:00-ге дейін оқиға ортасында болып, нағыз мерекелік, ашық әрі көңілді атмосфераны сезініп қайтты.

Музей алдындағы алаңда белгілі тревел-блогер, журналист Мадина Ашилованың Гиннестің рекордтар кітабына ену мақсатындағы («Most signatures on the car» — автокөліктегі ең көп қолтаңба) челленджінің 12-ші күні өтіп жатты. «Музейлер түні» акциясының арқасында бұл жерде адам қарасы әдеттегіден де көп болды. Келушілер музейге кірмес бұрын, көлікті айнала қоршап, бұл тарихи сәттің бір бөлшегі болуға асықты.
Бүгінгі күннің қорытындысы бойынша көлік бетіне 222 қолтаңба жиналып үлгерді! Әрбір қолтаңба — бір-бір тілек, бір-бір тарих.

Алаңдағы атмосфера өте еркін, адамдар барынша ашық әрі көңілді болды. Акцияның халықаралық деңгейде өткенін келген қонақтардан-ақ байқауға болады. Мәселен, Филиппин елінен келген туристер қазақстандық блогердің бұл қадамына таңғалысып, көлікке өз қолтаңбаларын қалдырып, сәттілік тіледі.
Шетелдік қонақтардан бөлек, жиналған жұрттың назарын ерекше тарихи киім киген, өткен ғасырдың сал-серілері мен абыздарын еске түсіретін Ақсақалдар бейнесіндегі адамдар аударды. Олардың көрінісі аспаптар музейінің рухымен және Мадина Ашилованың заманауи рекордымен керемет үйлесім тапты. Осылайша, өткен күн мен бүгінгі күн, заманауи рекорд пен ежелгі мәдениет бір алаңда тоғысты.

Мадина Ашилованың бұл рекорды тек автокөлікке қол қою ғана емес, бұл — Алматының қонақжайлылығын, қазақстандықтардың бірлігін және біздің мәдени ашықтығымызды әлемге паш ету. Түрлі елдерден келген туристер мен қала тұрғындарының бір мақсатта бас қосуы «Музейлер түнінің» негізгі миссиясын одан сайын айшықтай түсті. Гиннес рекордына бағытталған бұл тарихи саяхат әлі де жалғасады. Көлікте бос орын қалмай, рекорд ресми тіркелгенше біз оқиғаның дамуын бақылап отырамыз.
Мадина Ашиловамен бірге болыңыздар, ал бізбен бірге трендте қалыңыздар! Саяхат пен жаңа рекордтар әлі алда!
