SteppeNews.kz: Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының қатысуымен жаңа Түркі өркениеті орталығының қазығы қағылып, іргетасы қаланды. Бұл кешеннің негізгі идеясы – түркітілдес халықтарды әлем тарихында елеулі орны бар, терең философиясы мен мемлекеттілік дәстүрі қалыптасқан ұлы өркениет ретінде дәріптеу болып табылады. Жаңа орталықта ортақ тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеу мен жүйелеуге, сондай-ақ мәдени туризм мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беріледі.

Нысанның архитектуралық шешімі ерекше символикалық мәнге ие болып отыр. Кешен кеңістігінде түркі дүниетанымындағы маңызды ұғымдар – Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала және Өмір ағашы бейнеленбек.

Ал мазмұндық құрылымы жағынан орталықтың экспозициялары бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінеді. Келушілер тарихи оқиғаларды терең сезінуі үшін мұнда виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR, AR), голография, жасанды интеллект, иммерсивті дыбыс пен жарық секілді ең озық технологиялар кеңінен қолданылады.
