SteppeNews.kz: Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысушы делегация басшылары Түркістан қаласындағы зәулім Конгресс-холл ғимаратында бас қосып, бауырлас халықтардың ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеру мәселелерін талқылады.
«Келесі маңызды мәселе. Технологиялық даму және гуманитарлық ықпалдастық дәуірінде түркі тілдеріне ортақ терминологиялық негіз қалыптастыру қажет», – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан төрінде өткен алқалы жиында.
Мемлекет басшысы бұл жұмыстың жүйелі жалғасуы үшін маңызды бастама көтерді:
«Осы орайда Кеңеске мүше елдердің тиісті мекемелерінің өкілдері, ғылыми сарапшылары кіретін Мемлекетаралық терминологиялық комиссия құруды ұсынамын».
Түркістандағы басқосуда айтылған бұл ұсыныстар түркі әлемінің технологиялық және гуманитарлық интеграциясын тереңдетуге, сондай-ақ ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған. Ортақ терминологиялық комиссия құру бастамасы бауырлас елдердің тілдік және ғылыми әлеуетін үйлестірудегі шешуші қадам болмақ.
