SteppeNews.kz: Жақында ғана өндіріс қалдығы саналып келген үйінділер бүгінде бағалы металдардың жаңа көзіне айналуы мүмкін. Әлемдік шикізатқа сұраныстың артуы мен технологиялық ілгерілеу жағдайында көптеген елдер жаңа кен орындарын игеруден көрі, ескі үйінділер мен байыту қалдықтарын қайта өңдеуге көбірек назар аудара бастады.
Бұл мәселе Қазақстан үшін де өте өзекті. Qazaq Expert Club шақырылған сарапшысы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі әрі Қазақстанның еңбек сіңірген геологы Низами Джафаровтың айтуынша, жер қойнауын тиімді пайдалану тек экологиялық емес, маңызды экономикалық міндетке айналып отыр.
«Екінші реттік» кен орындары
«Бүгінде ескі үйінділер іс жүзінде “екінші реттік кен орындарына” айналуда. Пайдалы компоненттердің едәуір бөлігі әлі күнге дейін өндіру және өңдеу кезеңдерінде жоғалады, ал заманауи технологиялар оларды әлдеқайда тиімді бөліп алуға мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.
Оның мәліметінше, 1970-жылдары өнеркәсіптік игеруге құрамында кемінде 2 г алтын бар кендер ғана тартылса, бүгінде құрамында 0,4–0,5 г/т алтыны бар нысандардың өзі бәсекеге қабілетті саналады.
Академик Джафаров бұған Қостанай облысындағы Жітіқара алтын кен орнын көрнекі мысал ретінде келтірді. Бұл нысан шамамен 50 жыл бойы үзіліспен игерілген. Ол кезде құрамында кемінде 3 г алтын бар кендер ғана өнеркәсіптік деп есептеліп, өндірілетін шикізаттағы алтын мөлшері орта есеппен 7–10 г/т болған.
«Сонымен қатар “бос” жыныстардың өзінде алтын мөлшері 3 г/т-ға дейін жеткен. Алайда мұндай материалдар кезінде перспективалы деп саналмай, тіпті автомобиль жолдарын салуға пайдаланылған», – дейді маман. Технологиялардың дамуы мен металдар бағасының өсуіне байланысты мұндай жыныстар бүгінде толыққанды өнеркәсіптік шикізат ретінде қарастырыла алады.
Экологиялық қауіп пен жасырын ресурс
Бұдан бөлек, аталған кен орнының байыту қалдықтары құрамындағы сынап пен мышьяктың, сондай-ақ жоғары шаңдану деңгейінің салдарынан экологиялық қауіп төндіріп отыр. Дегенмен, зерттеулер бұл қалдықтарда әлі де бір тоннадан астам алтын бар екенін көрсеткен (орташа мөлшері шамамен 1 г/т).
Академиктің түсіндіруінше, ресурстардың қомақты бөлігі кен орындарын бағалау кезеңінің өзінде-ақ сырт қалады:
-
Пайдалы компоненттердің табиғи қорының тек 60–80%-ы ғана минералдық ресурс ретінде бағаланады.
-
Оның ішінде 70–90%-ы ғана өнеркәсіптік игеруге жіберіледі. Яғни, қазіргі сәтте ең жоғары экономикалық пайда әкелетін қорлар ғана өндіріледі.
Қосымша шығындар тікелей өндіру мен өңдеу барысында да болады. Өндіру кезеңінде пайдалы компоненттердің 5–10%-ы немесе одан да көбі жоғалса, тағы 15–30%-ы кенді өңдеу мен дайын өнім алу сатысында ысырап болады. Нәтижесінде, кейбір пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауындағы бастапқы қордың жартысынан азы ғана соңғы өнімге дейін жетеді.
Жаңа модельге көшу
Бүгінде кен орындарын бағалау кезінде заманауи технологиялық, экологиялық және экономикалық факторлар ескерілгенімен, негізгі критерий әлі де — өндірістің қазіргі сәттегі максималды рентабельділігі.
Низами Джафаров: «Тек экономикалық пайданы ғана емес, кен орындарын игеру кезінде ел жоғалтатын ресурстар көлемін де ескеру қажет. Кей жағдайда кедей кендер мен байыту қалдықтарын бөлек сақтап (складирование), кейін технологиялар дамығанда оларды қайта өңдеген анағұрлым тиімдірек болады», – деп есептейді.
Бұл мәселе жер қойнауын пайдаланудың жаңа моделіне көшуді талап етеді. Бұл модельде тек жаңа кен орындары ғана емес, ондаған жылдар бойы «қоқыс» саналып келген материалдар да бағалы активке айналуы тиіс.
