SteppeNews.kz: Астанадан Франкфуртқа бағыт алған Air Astana ұшағының бір қозғалтқышы істен шықты. Оқиға 8 мамыр күні таңертең болды. Airbus A321 әуе кемесінің экипажы ұшып шыққаннан кейін «PAN-PAN» шұғыл хабарламасын беріп, Ақтөбе әуежайына шұғыл қону туралы шешім қабылдады. Ұшақ бортында 93 жолаушы (оның ішінде төрт бала мен бір нәресте) және экипаждың 9 мүшесі болған.
Әуе кемесі Ақтөбеге сағат 11:34-те қонды. Қонғаннан кейін борт тұраққа өз бетімен жетті, ал әуежайда қауіпсіздік үшін құтқару қызметі кезекшілік етті.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, оқиғаға қозғалтқыштағы техникалық ақау себеп болған. Жағдай ресми түрде күрделі авиациялық оқиға деп танылды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары басталды.
