SteppeNews.kz: Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, мегаполисте Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға материалдық көмек көрсетілді. Атап айтқанда, ҰОС-тың 15 ардагеріне 5 миллион теңге көлемінде біржолғы төлем берілді.
9 мамыр мерекесі қарсаңында соғыс қатысушылары мен мүгедектеріне әлеуметтік қолдау көрсету игі дәстүрге айналған. Биыл сондай-ақ 1969 жылы Даманский аралы мен Жалаңашкөл маңындағы әскери қимылдарға қатысқан 17 азаматқа 200 мың теңгеден төленді.
Бұдан бөлек, 100 мың теңге көлеміндегі қаржылай көмекті келесі санаттар алды:
-
ҰОС ардагерлеріне теңестірілген 1353 адам;
-
Өзге мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан 2955 ардагер;
-
Соғыс жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін орден-медальдармен марапатталған 4713 тыл еңбеккері.
Сонымен қатар, қайтыс болған ҰОС ардагерлерінің 191 жұбайына 50 мың теңгеден берілді. Бұл төлемдер Алматы қаласы мәслихатының 2023 жылғы 8 желтоқсандағы №73 шешімімен бекітілген қағидаларға сай жүзеге асырылды. Материалдық көмек «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының тізімдері негізінде, ешқандай өтінішсіз-ақ аударылды.
