SteppeNews.kz: Тим Кук Apple компаниясының бас директоры қызметінен кететінін ресми түрде жариялады. Ол 2026 жылдың 1 қыркүйегінен бастап жұмысын тапсырып, компанияның атқарушы төрағасы болады. Бұл туралы Apple компаниясының ресми баспасөз орталығы хабарлады.
Технологиялық алпауыттың жаңа бас директоры болып Джон Тернус тағайындалды. Бұл шешім компанияның ұзақ мерзімді жоспарланған кадрлық ауысуының бір бөлігі ретінде қабылданған.
2011 жылы Тим Кук әлемге әйгілі компанияны Стив Джобстан кейін басқарды. Оның кезеңі компания тарихындағы қарқынды өсіммен ерекшеленеді.
Айта кетсек, оның басшылығымен Apple-дың нарықтық капитализациясы шамамен 350 миллиард доллардан 4 триллион долларға дейін өсті. Ал жылдық кірісі төрт есеге жуық өсті. 2011 жылы қаржы 108 миллиард доллар болса, 2026 жылы 416 миллиард доллардан асады.

Директор қызметінде 100 000-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, әлемнің түкпір-түкпірінен дүкендерінің тұсауын кесті.
Куктың бастамасымен Apple компаниясы AirPods, Apple Watch өнімдері мен Apple Music, Apple TV+ цифрлық сервистерін ұсынды.
Жаңа CEO — Джон Тернус кім?
Тернус компанияда 2001 жылдан бері жұмыс істейді және Hardware Engineering бөлімінің басшысы болған. Ол iPhone, Mac, iPad сияқты негізгі өнімдердің дамуына қатысқан.
«Джон Тернус – инженерге тән терең ойлайтын, жаңашыл рухы бар және адалдық пен абыройды ту етіп, көшбасшылық жасай алатын тұлға. Ол – көреген басшы, оның Apple компаниясындағы 25 жыл ішіндегі еңбегі мен қосқан үлесін санап шығу мүмкін емес. Ол Apple-ды болашаққа бастайтын ең лайықты адам екеніне еш күмәнім жоқ. Мен оның қабілеті мен адами қасиеттеріне толық сенемін және осы ауысу кезеңінде, сондай-ақ атқарушы төраға ретіндегі жаңа қызметімде онымен тығыз жұмыс істеуді асыға күтемін», – деп Тим Кук ойымен бөліскен.

