SteppeNews.kz: Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл қаласындағы жолөткел құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.
2023 жылдың тамыз айында қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «БУКА» ЖШС арасында 5,4 млрд теңгеге келісімшарт жасалған. Алайда мердігер мекеме жұмыс кестесін үнемі кешіктіріп келген.
Тергеу мәліметінше, компания директоры тапсырыс беруші мекеме қызметкерлерімен алдын ала келісіп, іс жүзінде атқарылмаған жұмыстар туралы жалған актілер толтырған болуы мүмкін. Осы құжаттар негізінде бюджеттен мердігерге ақша аударылып отырған.
Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 2 млрд теңгеден асады деп бағалануда.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынды. Сондай-ақ жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлікке тыйым салынды. Тергеу жалғасуда.

