SteppeNews.kz: ICAO GISS 2026 симпозиумы аясында ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева ИКАО Кеңесінің Президенті Тошиюки Онумамен кездесіп, еліміздің авиация саласындағы жетістіктері мен ұйым Кеңесіне сайлану жоспарын талқылады. Тараптар ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қарастырып, биыл қазан айында Қазақстанда өтетін ИКАО-ның авиациялық қауіпсіздік апталығына дайындық барысын пысықтады.
Кездесуге ИКАО-ның EUR/NAT бюросының өңірлік директоры Николас Ралло және Қазақстанның ИКАО-дағы Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов қатысты. Салтанат Томпиева Тошиюки Онуманы жаңа лауазымға сайлануымен құттықтап, оның тәжірибесі халықаралық авиацияның дамуына серпін беретініне сенім білдірді. Өз кезегінде Т. Онума Қазақстанның белсенді ұстанымы мен ұйым принциптеріне адалдығын жоғары бағалап, мүше мемлекеттердің қажеттіліктерін түсіну маңызды екенін атап өтті. Николас Ралло Қазақстанның бұрын ИКАО-дан көмек алатын елден қазір өз тәжірибесімен бөлісетін мемлекетке айналғанын, бұл стратегия мен серіктестіктің үздік үлгісі екенін жеткізді.

Авиация комитетінің төрағасы салалық көрсеткіштердегі оң өзгерістерге тоқталды. Авиациялық қауіпсіздік деңгейі 62%-дан 95,7%-ға дейін өсіп, Қазақстан әлемдік ТОП-20 елдің қатарына енді. 2025 жылы жолаушылар ағыны пандемияға дейінгі кезеңнен 80%-ға артса, ұшу қауіпсіздігі көрсеткіші 82%-ға жетті. Бұл әлемдік және еуропалық орташа көрсеткіштерден айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар Чикаго конвенциясына енгізілген түзетулердің ратификациялануы Қазақстанға алдағы уақытта ИКАО Кеңесіне мүшелікке үміткер болуға жол ашады. Қазіргі уақытта теңізге шыға алмайтын 32 дамушы елдің ішінен тек Мали мен Уганда ғана Кеңес құрамында бар.
Салтанат Томпиева халықаралық әріптестеріне елімізде көлік оқиғаларын тергеу жөніндегі тәуелсіз органның құрылғанын, Астанада авиациялық оқу орталығын ашу және инфрақұрылымды жаңғырту жоспарлары туралы баяндады. ИКАО Кеңесінің Президенті биылғы 20-22 қазан аралығында Қазақстанда алғаш рет өтетін жаһандық авиациялық қауіпсіздік апталығына шақырылды. Симпозиум аясында отандық делегация Канада, Франция, Сингапур, Үндістан сияқты бірқатар елдердің авиациялық билік өкілдерімен және халықаралық ұйым басшыларымен екіжақты келіссөздер жүргізіп, өзара ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.

