SteppeNews.kz: Алматы қалалық балалар оңалту орталығында әсерлі әрі мәні терең сәт өтті. Биіктіктен құлағаннан кейін оңалту курсынан өткен екі кішкентай емделуші — Тамирис пен Руфинаға тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды. Салтанатты шара барысында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов медицина қызметкерлерінің еңбегі мен балалардың сауығуының маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді.
«Бүгінгі күн осындай сауығу оқиғаларының көбейе түсуінің қаншалықты маңызды екенін еске салсын. Балаларымыз аяғынан тұрып, толыққанды өмірге қайта оралсын. Ал медицина қызметкерлері олардың өмірін сақтап қалу үшін әрдайым бар күшін салсын», — деді басқарма басшысы.
Тамиристің оқиғасы — нағыз ғажайып пен медицинаның мүмкіндіктерін айқын көрсететін мысал. Екі жыл бұрын бес жастағы қыз төртінші қабаттан құлап, ауыр бас-ми жарақатын алған. Оның жағдайы өте ауыр болып, екі рет жүрегі тоқтап, клиникалық өлім жағдайында болған еді. №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының нейрохирург дәрігерлері жасаған күрделі операциялар мен екі жылдық оңалтудың нәтижесінде Тамирис бүгін алғашқы қадамдарын жасады. Қыздың әжесі көз жасына ерік беріп, дәрігерлерге немересінің өмірін сақтап қалғаны үшін алғысын білдірді.

Руфинаның оқиғасы да кем әсерлі емес. 2022 жылы туған, «балалар церебралды сал ауруы» диагнозы қойылған бүлдіршін орталыққа ауыр жағдайда түскен болатын. Ол бұған дейін тек арбамен қозғалатын. 2025 жылғы қарашада жасалған сәтті операция мен одан кейінгі оңалту курстарынан соң, Руфина да алғашқы өздігінен қадамдарын баса бастады.
Бұл тұсаукесер рәсімі екі емделуші үшін де жаңа өмірдің, табандылықтың және дәрігерлер мен отбасының бірлескен жеңісінің символына айналды. Алматы қалалық балалар оңалту орталығының жұмысы барысында осымен 53 бала аяғынан тұрды. 2011 жылдан бері орталықта 17 320-дан астам балаға, оның ішінде 7 715-тен астам мүгедектігі бар балаға кешенді көмек көрсетілді.

