STEPPENEWS.KZ: Қайырымдылық қаражатын жымқырды деп айыпталған Перизат Қайраттың тәркіленген автокөліктері Астана қаласының полиция департаментіне берілді. Қымбат темір тұлпарлар енді мемлекеттік мекеменің игілігіне қызмет етпек.
Нақтыланған мәлімет бойынша, Перизат Қайратқа тиесілі болған Mercedes-Benz S450 көлігі елордалық тәртіп сақшыларына тегін берілді. Бұған қоса, оның 2024 жылы шыққан Haval H6 GT автокөлігі де полицияның теңгеріміне өтті. Бұған дейін бұл мүліктерді сату арқылы мемлекет бюджетіне қаражат түсіру жоспарланған болатын.
Атап айтқанда, наурыз айының соңында қара түсті Mercedes-Benz сатылымға шығарылып, оның бастапқы құны 79 415 000 теңгеге бағаланды. Алайда, 7 сәуір күні өткен аукционда көлікті сатып алуға ешкім ниет білдірмегендіктен, сауда-саттық өтпеген деп танылды. Осыдан кейін тәркіленген мүлікті мемлекеттік органдарға бөліп беру туралы шешім қабылданды.
Енді 80 миллион теңгеге жуықтайтын люкс санатты көлік пен жаңа кроссовер Астана полицейлерінің ресми қызметтік көліктері ретінде пайдаланылады.

