STEPPENEWS.KZ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары мемлекеттік марапаттар тізіміне арнайы «Әл-Фараби» орденін қосу туралы бастама көтерді. Жаңа марапат білім, ғылым, мәдениет және руханият саласында айрықша еңбек сіңірген азаматтарға берілетін болады.
Президент салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Қазақ даласы көптеген кемеңгер тұлғалардың мекені болғанын, соның ішінде әлемге әйгілі ойшыл әл-Фарабидің орны ерекше екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, ұлы ғұламаның мұрасы — бүкіл адамзаттың асыл қазынасы әрі өркениет ойының шыңы. Сондықтан оның есімін мемлекеттік марапаттар деңгейінде ұлықтау — маңызды қадам.
Биылғы жылдан бастап марапаттау жүйесінде бірнеше жаңалық енгізілмек. Атап айтқанда, «Әл-Фараби» орденімен қатар, «Мейірім» және «Қожа Ахмет Ясауи» ордендері де бекітілді. Президент бұл жоғары марапаттардың алғашқы иегерлері биылғы Республика күні қарсаңында анықталатынын жеткізді.
Бұл бастама еліміздің ғылымы мен мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген тұлғалардың еңбегін мемлекет тарапынан лайықты бағалауды көздейді.

