STEPPENEWS.KZ: Жетісу облысы, Ақсу ауданына қарасты Сүйіксай ауылында 49 жастағы ер адам көршісіне күрекпен тап беріп, ауыр жарақаттар салған. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға 3 наурыз күні күндізгі уақытта жәбірленушінің үйінің ауласында болған. Мәліметтерге сүйенсек, мас күйіндегі ер адам әйелдің кәмелетке толмаған балаларына тіл тигізіп, балағаттаған. Балаларын арашаламақ болған ана көршісіне ескерту жасаған кезде, ер адам қар күреп жүрген күрегімен оған бірнеше мәрте соққы жұмсаған. Әсіресе, басына бағытталған соққылардан әйел ауыр жарақат алды.
Ашуға мінген шабуылдаушыны балалардың шыңғырған дауысына жиналған ауыл тұрғындары мен мектеп жаттықтырушылары әрең тоқтатқан. Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем жәбірленушіні дереу ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер әйелге бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, басының ашық жарақаты және сол қолының сынуы диагноздарын қойды. Қазіргі уақытта ол хирургия бөлімінде тиісті ем қабылдап жатыр.
Полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша денсаулыққа әдейі зиян келтіру фактісімен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізуде. Күдікті заңға сәйкес қамауға алынды.

