STEPPENEWS.KZ: Алматыда сегіз күнге созылған «Заңсыздыққа жол жоқ» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 15 мыңға жуық жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды.
Полиция мәліметінше, мас күйде көлік айдау, қарсы бағытқа шығу, куәліксіз басқару және жалған нөмірлерді пайдалану сияқты өрескел заңбұзушылықтар ерекше алаңдаушылық тудырып отыр.
Нәтижесінде 4,7 мыңнан астам автомобиль айыппұл тұрағына қойылып, мемлекеттік тіркеу нөмірлері тәркіленді.
Қалалық ПД бастығының орынбасары Ғалым Сарғұловтың айтуынша, бақылаудың күшейтілгеніне қарамастан, жүргізушілердің агрессивті және жауапсыз мінез-құлқы салдарынан жолдардағы қауіп әлі де жоғары.
Іс-шара аясында түнгі рейдтер, соның ішінде Әл-Фараби даңғылындағы тексерістер күшейтіліп, қосымша патрульдеу ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, электросамокат пайдаланушыларына да ерекше көңіл бөлінді: мыңдаған ереже бұзушы жауапкершілікке тартылып, қозғалысқа кедергі келтірген және дұрыс қойылмаған самокаттардың бір бөлігі эвакуацияланды.

