STEPPENEWS.KZ: Президенттің цифрландыруды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында елордадағы 5573 әскери бөлімінде жасанды интеллект технологиясына негізделген заманауи бейнебақылау жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Жаңа жүйе қолданыстағы камералармен біріктіріліп, бейне ағынын тәулік бойы үздіксіз талдаудан өткізеді.
Бұл технологияның басты ерекшелігі — әскери қызметшілердің күнделікті мінез-құлқын, іс-әрекеттері мен эмоционалдық жағдайын бақылауында. Жүйе жай ғана кескінді түсіріп қоймай, сарбаздардың көңіл-күйіндегі өзгерістер мен күдікті мінез-құлық белгілерін де анықтай алады.
Ұлттық ұланның ресми өкілі Әлібек Әбділовтің айтуынша, егер әскери қызметшінің іс-әрекетінен агрессия белгілері байқалса, жүйе мессенджерлер арқылы бөлімше командирлеріне, тәрбиешілер мен психологтарға жедел хабарлама жолдайды. Бұл жауапты мамандарға дер кезінде тиісті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Барлық бейнематериалдар арнайы платформада сақталады. Егер бұл жүйенің тиімділігі толықтай расталса, алдағы уақытта жасанды интеллект камералары еліміздің өзге де әскери бөлімдеріне жаппай енгізілмек.

