STEPPENEWS.KZ: Тараз қаласының «Ұлы Дала» шағынауданында қайғылы жағдай орын алып, 51 жастағы ер адам көпқабатты үйдің терезесінен секіріп кетті. Көршілерінің айтуынша, қаза болған азамат бұған дейін психоневрологиялық есепте тұрған.
Оқиға дәрігерлердің шақырту орнына келуінен басталған. Дәрігерлер жеткен кезде ер адам 5-қабаттағы пәтеріне қамалып алып, есік ашпай қойған. Кейіннен оқиға орнына полиция мен құтқарушылар шақырылды. Мамандардың келіссөз жүргізу әрекетіне ер адам ашумен жауап беріп, диалогқа түсуден үзілді-кесілді бас тартқан.
Құтқарушылар автосатының көмегімен балкон арқылы пәтерге кіруді ұйғарып, төмендегі қауіпсіздік үшін арнайы үрлемелі төсеніш жайған. Алайда, мамандар балконға көтеріле берген сәтте ер адам төменге секіріп кетті. Құтқарушылар оны ауада ұстап қалуға тырысқанымен, ол бар салмағымен жерге құлаған.
Алған ауыр соққының салдарынан ер адам бас-мидың ашық жарақатын алып, мойын омыртқалары сынған. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта құзырлы органдар оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үстінде.

