STEPPENEWS.KZ: Ақмола облысында 6 сәуірге қараған түні Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылынан шамамен 2 шақырым жерде орналасқан «Шөптікөл» бөгеті бұзылды.
Апаттан кейін су егістік алқаптарға жайылып, Астана – Қорғалжын автожолына дейін жеткен. Жолдың 75-шақырымында су ішінара жиналғанымен, негізгі жүріс бөлігіне асуына жол берілген жоқ.
Қазір оқиға орнында құтқарушылар, полиция қызметкерлері, әкімдік өкілдері мен жол қызметі жұмылдырылған. Жалпы саны 170-ке жуық адам және 43 техника тартылған. Мамандар бөгетті бекітіп, топырақ пен инертті материалдар төгіп, суды бұру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының мәліметінше, автожол бүтін, қозғалысқа ашық. Аталған аумақта үш тармақты су өткізгіш құбыр жұмыс істеп тұр және ол су ағынын еңсеруде.

