STEPPENEWS.KZ: Қазақстанның мәдениеті мен туризмін Қытайда белсенді насихаттап жүрген танымал блогер, «Kazakh Tourism» амбассадоры Тао Минсю Мемлекет басшысының атынан жоғары марапатқа ие болды. ІІ дәрежелі «Достық» орденін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева салтанатты түрде табыстады.
Бұл марапат Тао Минсюдің Қытай медиакеңістігінде Қазақстанның туристік әлеуетін танытуға және екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін берілді. Блогердің шығармашылығы арқасында миллиондаған қытайлық көрермен Қазақстанның табиғатымен, бай мәдени мұрасымен және қонақжайлылығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алған.
Марапаттау рәсімінде Аида Балаева блогердің еңбегі екі халық арасындағы достық дәнекеріне айналғанын атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл орден — мемлекет тарапынан Тао Минсюдің атқарған ауқымды жұмысына берілген жоғары баға. Осылайша, цифрлық мазмұн арқылы екі елдің мәдени жақындасуына жол ашқан блогердің қызметі ресми деңгейде мойындалды.

