STEPPENEWS.KZ: Алматы қаласының ПД тұрғындарға агрессия көрсеткен шетелдік жасөспірім қыздардың ел аумағынан мәжбүрлі түрде шығарылғанын ресми түрде мәлімдеді. Енді аталған азаматтарға Қазақстан аумағына қайта кіруге ресми түрде тыйым салынды.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде жасөспірімдердің көшеде қайыр сұрап, жүргіншілерге тас лақтырып, былапыт сөйлеген бейнежазбалары тарап, үлкен резонанс тудырған болатын. Тәртіп сақшылары тексеру барысында бұзақылық жасағандардың Тәжікстан азаматтары екенін анықтады.
Полиция департаментінің мәліметінше, жасөспірімдердің әрекеті ел заңнамасын өрескел бұзу деп танылып, тиісті шаралар қабылданған. Олардың ата-аналары да жауапкершілікке тартылып, соңында отбасы мүшелерін депортациялау туралы шешім шығарылды. Бұл шара еліміздегі қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында жүзеге асырылды.

