STEPPENEWS.KZ: Алматыдағы адам өліміне әкелген жол апатынан кейін ІІМ қандай шаралар қабылдады:
ZEEKR маркалы көліктің жүргізушісі сот шешімімен қамауға алынды. Анықталғандай, ол жол-көлік оқиғасы кезінде мас күйде болған.
Бұрынғы полиция қызметкерінің әрекетсіздігі және мемлекеттік нөмірлік белгілерді заңсыз беру деректері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тергеуді ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік департаменті жүргізіп жатыр. Қоғамда тараған барлық ақпарат тексерілуде.
Оқиғаның жан-жақты әрі әділ зерттелуін қамтамасыз ету үшін Алматыға ІІМ-нің арнайы комиссиясы жіберілді. Оның құрамына ішкі қауіпсіздік департаменті, әкімшілік полиция комитеті және кадр жұмысы бөлімінің өкілдері кірді.
Қызметтік тексеріс нәтижесінде жіберілген кемшіліктер үшін Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды.
Қалаға басқа өңірлерден қосымша полиция күштері тартылды.
Алғашқы күндері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 4,8 мыңнан астам дерегі анықталды. 2 мыңнан астам көлік айып тұрағына қойылды.
Осындай күшейтілген тексерулер еліміздің барлық өңірінде жүргізіліп жатыр.

