STEPPENEWS.KZ: Алматыда Mastercard, Almaty Tourism Bureau және Visit Almaty бірлесіп әзірлеген «Алматыдағы туризм — 2025» аналитикалық есебінің таныстырылымы өтті. Жаңа құжат қаланың Орталық Азиядағы басты туристік хабқа айналғанын айқындап, халықаралық сарапшылардың болжамын нақты сандық деректермен дәлелдеді.
Есеп Mastercard төлем жүйесінің анонимді транзакциялық мәліметтері мен Mastercard Tourism Insights аналитикалық платформасының негізінде дайындалған. Зерттеу қорытындылары 15 елден келген туристердің мінез-құлқын, шығындары мен таңдауларын қамтиды.

Туризм экономикасы: Өсім қарқыны жоғары
2025 жылы зерттеуге алынған 15 елден келген шетелдік қонақтардың Алматыдағы жалпы шығыны 40%-ға өскен. Бұл — кездейсоқ көрсеткіш емес, қаланың туристік тартымдылығы жүйелі түрде артып келе жатқанының айқын белгісі. Орташа алғанда, бір туристің сапар барысындағы жалпы шығыны 15%-ға, ал бір күндік шығыны 2%-ға ұлғайған. Бұл Алматыға келушілер санының артып қана қоймай, олардың қалада ұзағырақ аялдап, көбірек қаражат жұмсайтынын көрсетеді.
Келушілер портреті: Кім және не үшін келеді?
Есеп Алматыға келетін туристің сипатын нақтылай түседі. Қала демалыс және экотуризм орталығы ретіндегі позициясын нығайтқан:
-
84% — жеке мақсатпен (демалыс, іс-шаралар, экскурсия) келушілер.
-
16% — бизнес-туризм үлесі (бұл көрсеткіш 21%-дан төмендеген, бірақ бұл іскерлік белсенділіктің бәсеңдеуінен емес, демалуға келетіндер санының еселеп артуынан болған құбылыс).
Алматыға көбіне жұптар немесе жалғыз саяхаттаушылар келеді. Десе де, ең жылдам дамып жатқан сегмент — отбасылық туризм. Бұл бағытта Парсы шығанағы елдері көш бастап тұр: Сауд Арабиясы мен БАӘ-ден келушілердің 35%-ы, ал Катардан келгендердің 30%-ы отбасымен саяхаттауды жөн көреді.
Әлем мойындаған мегаполис
Алматы тек сандық өсіммен ғана емес, беделді басылымдардың жоғары бағасымен де ерекшеленді. CNN Travel Алматыны 2025 жылғы әлемдегі ең үздік туристік бағыттар тізіміне қосып, оны Орталық Азияның «Capital of Cool» (Ең тартымды қаласы) деп атады. Ал Bloomberg қаланы 2026 жылы баруға ұсынылатын 25 бағыттың қатарына енгізді.
Мұндай халықаралық мойындау интернеттегі іздеу белсенділігіне де әсер етті. 2025 жылы Алматыға авиабилеттерді іздеу саны 2024 жылмен салыстырғанда 73%-ға артқан. Қытай, Үндістан, БАӘ және Түркия елдері қызығушылық деңгейі бойынша да, нақты келушілер саны бойынша да алдыңғы қатарда.
Инфрақұрылым мен қызмет көрсету сапасы
Қонақ үй қызметіне қанағаттану деңгейі 14%-ға артқан. Дегенмен Алматының әлі де игерілмеген әлеуеті зор. Қалада төрт жұлдызды қонақ үйлер сегменті жақсы дамығанымен, бес жұлдызды қонақ үйлердің бағасы өңір бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып қалуда. Соған қарамастан, бір түнеудің орташа құны 2025 жылы тұрақталып, туристердің қалада болу ұзақтығы 2,8 күннен 3,2 күнге дейін ұзарды.
Mastercard басшысы: «Туризм — адамдардың тарихы»

Mastercard компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша бас директоры Санжар Жамалов есептің негізгі түйінін былай деп қорытындылады:
Біз үшін туризм тек сандар мен бағыттар емес, бұл — ең алдымен адамдар, олардың таңдауы мен алған әсерлері. Mastercard Tourism Insights платформасы арқылы туристердің мінез-құлқын талдау бізге қонақтардың сұранысын тереңірек түсінуге, Almaty Tourism Bureau-мен және жалпы еліміздің туристік саласымен байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Туризм Қазақстан экономикасының маңызды қозғаушы күшіне айналатынына сенімдіміз. Алматы қазірдің өзінде Орталық Азиядағы негізгі туристік хабқа айналып үлгерді. Біз қала әкімдігі мен Almaty Tourism Bureau-ның қала әлеуетін толық ашу жолындағы бастамаларын қолдауға әрқашан дайынбыз.
Болашаққа болжам
2026 жылы Алматының әуе қатынасы одан әрі кеңейе түспек. Жыл соңына дейін Чэнду, Шанхай және Гуанчжоу бағыттары бойынша жаңа рейстердің ашылуымен Қытай қалаларымен қатынас аптасына 84 рейске жетеді. Бұл Алматының өңірдегі басты транзиттік торап ретіндегі рөлін бекіте түседі. Сонымен қатар қалада жаңа мәдени және ғылыми орталықтардың ашылуы жоспарлануда, бұл отбасылық және танымдық туризмді жаңа деңгейге көтермек.

