STEPPENEWS.KZ: Абай облысының Аягөз қаласында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды алдап, шаруа қожалықтарына сатып жіберген жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шықты. Көпбалалы ана адам саудасымен айналысқаны үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот тергеуі барысында анықталғандай, сотталушы 2024–2025 жылдар аралығында әлеуметтік жағынан қорғалмаған, көбіне ішімдікке салынған азаматтарды нысанаға алған. Ол жәбірленушілердің сеніміне кіріп, кейін оларды алдау және психологиялық қысым көрсету арқылы өз еркінен тыс жұмыс істеуге мәжбүрлеген. Әйел зардап шеккендерді «жақсы жұмыс тауып беремін» деген желеумен түрлі шаруа қожалықтарына жіберіп отырған.
Қылмыстық схема бойынша шаруа қожалықтарының басшылары жұмысшылар үшін берілуі тиіс аванс ақшасын тікелей әйелдің жеке шотына аударған. Әр эпизод бойынша аударылған қаражат көлемі 100 мыңнан 400 мың теңгеге дейін жеткен. Тергеу амалдары кезінде осындай бес қылмыстық эпизод толық дәлелденді. Көпбалалы ана бұл қаражатты жұмысшыларға бермей, өз қажеттілігіне жұмсап келген.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жәбірленушілермен татуласқанын алға тартты. Алайда жасалған қылмыстың ауырлығын ескерген сот оны кінәлі деп танып, алты жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енді.

