STEPPENEWS.KZ: Қазақстан футболының тарихында бұрын-соңды болмаған айтулы оқиға тіркелді. 15 жастағы отандық жас талант Кәрім Меңдіханов әлемдік деңгейдегі алпауыт клуб — «Барселонамен» ресми келісімшартқа отырды. Бұл — қазақстандық футболшының әйгілі каталониялық ұжымның құрамына алғаш рет қабылдануы ретінде тарихқа енбек.
Кәрім Меңдіханов келесі маусымнан бастап «Барселона» сапында доп тебетін болады. Жас футболшының ерекше қабілеті мен ойын өрнегі еуропалық мамандардың назарына ерте іліккен. Мәліметтерге сүйенсек, қазақстандық жеткіншекке «Барселонадан» бөлек, Еуропаның тағы бірнеше беделді клубтары қызығушылық танытып, өз қатарларына қосуға ниет білдірген.
Алайда бірнеше тартымды ұсыныстың ішінен жас таланттың таңдауы футбол әлемінің шыңы саналатын «Барселонаға» түсті. Мамандар Кәрімнің бұл жетістігі отандық футболдың дамуына жаңа серпін беріп, өзге де жас өрендерге үлкен жігер сыйлайтынына сенімді.
Енді отандық жанкүйерлер қазақ баласының әлемдік аренадағы алғашқы қадамдарын зор үмітпен күтетін болады. Бұл қадам Қазақстан футболының халықаралық деңгейдегі абыройын асқақтатып, Еуропаның жетекші академияларына жол ашатын бірегей мүмкіндікке айналмақ.

