STEPPENEWS.KZ: Үкімет елдегі жоғары оқу орындарында бірқатар білім беру бағдарламалары бойынша студент қабылдауды тоқтатпақ. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, ауқымды талдау нәтижесінде теория мен тәжірибе арасындағы алшақтық, сондай-ақ көптеген бағдарламалардың шамадан тыс көбейіп кеткені анықталған. Мәселен, жоғары оқу орындарында экономика бойынша 142, ал құқықтану бойынша 115 бағдарлама қатар жүзеге асырылып жатыр. Кей жағдайда мұндай бағдарламалар бір университеттің өзінде қайталанады.
Жалпы алғанда, 78 ЖОО-да 503 бағдарлама қайталануды азайту мақсатында қысқартылады. Бұдан бөлек, тағы 235 бағдарлама 26 бағыт бойынша жүйесіздікті жою үшін тоқтатылады.
Аталған бағдарламаларда қазір білім алып жатқан студенттер оқуын толық аяқтай алады. Ал бұл бағыттар бойынша жаңа студенттерді қабылдау тоқтатылады.

