STEPPENEWS.KZ: Петропавл қалалық көпбейінді ауруханасына жағдайы өте ауыр бойжеткен жеткізілді. Медициналық мекеме өкілдерінің мәліметінше, науқастың денесі дірілдеп, басы айналып, бойын қатты үрей билеген. Пациенттің өзі берген түсініктемесі бойынша, ол көшеден тауып алған белгісіз темекіні шеккеннен кейін осындай күйге түскен. Осы әрекеттің салдарынан ол есірткіден мас болып, экзогендік интоксикацияға ұшыраған. Дәрігерлер оған нақтыланбаған заттардың уытты әсері, улану синдромы және орташа дәрежедегі теміржетіспеушілік анемиясы диагнозын қойды.
Бойжеткеннің жағдайы өте қысқа уақыт ішінде нашарлай бастағандықтан, кезекші терапевт пен реаниматолог мамандар туындаған қауіпті бірден бағалап, науқасты жансақтау бөліміне жатқызу туралы шешім қабылдады. Пациент толық бір тәулік бойы жансақтау бөлімінде дәрігерлердің жіті бақылауында болды. Одан кейін тағы төрт күн бойы терапия бөлімінде тиісті ем-дом шараларын қабылдады. Мамандардың біліктілігі мен жедел әрекетінің арқасында оның жағдайын тұрақтандыру мүмкін болды. Қазіргі уақытта пациенттің денсаулығы қанағаттанарлық деп бағаланып, ол үйіне шығарылды.
Дәрігерлер белгісіз немесе заңмен тыйым салынған заттарды тұтынудың соңы әрдайым үлкен қатерге соқтыратынын қатаң ескертеді. Тіпті мұндай заттарды бір рет қана тұтынудың өзі ауыр улануға, жүрек пен тыныс алу жүйесінің жұмысының бұзылуына, бағдардан жаңылуға және өзін басқара алмай қалуға әкеп соғуы әбден мүмкін. Мамандар кез келген заттың құрамы беймәлім болғандықтан, ағзаның оған қалай әсер беретінін болжау мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан бір ғана қате шешімнің құны адам өмірі үшін тым жоғары болуы мүмкін екенін ұмытпаған жөн.

