STEPPENEWS.KZ: Алматы қалалық полиция департаменті танымал заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханның қамауға алынғанын ресми түрде мәлімдеді. Сот шешімімен оған қатысты 10 тәулік мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, қазіргі уақытта блогерге қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Айта кетерлігі, құзырлы орган өкілдері күдіктінің бұған дейін тонау қылмысын жасағанын да алға тартты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.
Әділетхан Молдахан желі қолданушыларына азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерге маманданған заңгер ретінде танымал. Оның Instagram парақшасына 1 миллионнан астам оқырман жазылған.
Бұл іске блогердің әлеуметтік желіде жариялаған видеосы себеп болған көрінеді. Ол Әл-Фараби даңғылы бойында орын алып, үш адамның өмірін қиған жол апаты туралы ақпарат таратқан болатын. Заңгер өз видеосында қайғылы оқиғаға құқық қорғау органы қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеген еді. Дәл осы мәлімдеме полиция тарапынан «жалған ақпарат» деп бағаланып, соңы қылмыстық іспен жалғасты.

