STEPPENEWS.KZ: Дархан Сатыбалды Алматыда жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) желісін салу туралы қаулыға қол қойды. Жоба аясында қаланың төрт ауданында 270 жер учаскесі мемлекет қажетіне алынады.
ЛРТ желісі Алатау, Жетісу, Алмалы және Әуезов аудандарында салынады. Жобаның депосы Сокпақбаев көшесі, 72 мекенжайында орналасады.
Алғашқы желі Алматы-2 теміржол вокзалынан басталып, Абылай хан даңғылы, Төле би көшесі, Момышұлы көшесі арқылы өтіп, Алатау ауданындағы депоға дейін жетеді.
Жерлері сатып алынатын меншік иелерінің қатарында K3 Group Invest компаниясы бар. Сонымен қатар, ондаған учаске қалалық мобильдік басқармасына қарасты «Алматы паркинг» коммуналдық кәсіпорнынан, «РТС Деко», Terra Invest Group және басқа да ұйымдардан сатып алынады.
Мәжбүрлі түрде сатып алу үдерісі 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқталуы тиіс. Одан кейін жер телімдері жол инфрақұрылымын дамыту басқармасына беріліп, ЛРТ жобасын жүзеге асыру жұмыстары басталады.

