STEPPENEWS.KZ: Әлеуметтік желілерде Алматы көшелерінде жүрген көп санды полиция көліктері түсірілген бейнежазбалар тарады. Кадрлардан Астана, Қарағанды және басқа қалалардың мемлекеттік нөмірлері бар патрульдік автокөліктерді көруге болады.
Қалаға қосымша экипаждардың келуі тұрғындар арасында қызу талқылау туғызды. Көпшілік бұл жағдайға әдеттегідей әзілмен қарап, жолдағы бақылау күшеюі мүмкін екенін айтып, жүргізушілерге мұқият болуды ескертіп жатыр.
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі бұл жағдайға түсініктеме беріп, мұндай шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырылатынын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, бұл тәжірибе жүйелі сипатқа ие және елдің барлық өңірінде жедел ахуалға байланысты қолданылады. Қажет болған жағдайда құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қосымша күштер жіберіледі.
ІІМ өкілдері мұндай шаралардың негізгі мақсаты — құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолдағы тәртіпті жақсарту және қылмыстық ахуалды тұрақтандыру екенін атап өтті.

