STEPPENEWS.KZ: Qazaq Expert Club ұйымының медиа саласы бойынша шақырылған сарапшысы Мира Халинаның айтуынша, бүгінде ақпарат ағынының күрт артуы мен жасанды интеллекттің дамуы адамға мәліметтің шынайылығын бағалауды барған сайын қиындатып отыр.
Тіпті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдың өзі әрдайым оның нақты әрі дәл екеніне кепіл бола бермейді.
«Кез келген адам жаңалық жариялай алады, оны медиа бірден іліп әкетеді, содан кейін ол әлеуметтік желілерде жылдам таралады. Мәселе — ақпараттың таралу жылдамдығы оны тексеру үдерісінен әлдеқайда озып кетуінде», – дейді Мира.
Қазақстанда жалған ақпарат тарату заң бойынша жауапкершілікке әкеледі. Көбіне әкімшілік шаралар, соның ішінде айыппұл қарастырылған, ал кей жағдайларда заң аясында қатаңырақ жауапкершілік те қолданылуы мүмкін.
Жаңалықтың шынайылығына күмән келтіретін негізгі белгілер де бар. Сарапшының айтуынша, олардың қатарында әсіре эмоцияға құрылған шулы тақырыптар, нақты дереккөздердің болмауы және «сарапшылардың пікірінше», «ғалымдар дәлелдеді» сияқты жалпылама тіркестер кездеседі.
«Қазіргі фейктер көбіне ашық өтірік түрінде болмайды. Керісінше, күрделі тәсілдер қолданылады: деректерді контекстен жұлып алу, ұғымдарды алмастыру, ескі фото мен видеоны пайдалану, манипулятивті тақырыптар», – дейді ол.
Жасанды интеллект жалған ақпаратты анықтауға да көмектесе алады: үлкен деректерді талдап, күмәнді жарияланымдарды табады. Алайда дәл осы технологиялар күрделірек дезинформация жасауға, мысалы дипфейктер әзірлеуге де қолданылып жатыр.
«Қазір біз визуалды манипуляциялардың артқанын көріп отырмыз — өзгертілген суреттер мен жасанды интеллект арқылы жасалған контент көбейді. Сонымен қатар қоғамның пікіріне әсер етуге бағытталған ақпараттық науқандар да күшейіп келеді. Кейде бұл бизнес мақсатында қолданылса, кейде қоғамдық пікірге ықпал ету құралына айналады», – дейді сарапшы.
Маманның сөзінше, жалған ақпаратты таратпау үшін асығыстық танытпау маңызды. Ақпарат көзін, жарияланған уақытын тексеріп, басқа сенімді дереккөздерден растау қажет. Кейде бірнеше минут уақыт бөлу жалған мәліметтің таралуының алдын алуға жеткілікті.
«Қазіргі заманда медиасауаттылық оқу мен жазу сияқты базалық дағдыға айналып келеді. Адамдар ақпаратты сыни тұрғыда талдауды неғұрлым ерте үйренсе, қоғам да дезинформацияға соғұрлым төзімді болады. Клиповое ойлау дәуірінде бұл ерекше маңызды», – деп түйіндеді сарапшы.

