STEPPENEWS.KZ:Ақтөбе облысында ер адамға оқ атып, жарақаттады деген күдікпен учаскелік полиция инспекторының көмекшісі ұсталды. Оқиға Хромтау қаласындағы демалыс орындарының бірінде болған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, қайғылы жағдай 28 наурыздан 29-ына қараған түні «A-FRAME» глэмпингі аумағында орын алған. Өзара сөз таласы кезінде полиция аға лейтенанты өзінің қызметтік тапаншасынан қарсыласының кеуде тұсы мен ішіне төрт рет оқ атқан көрінеді. 1989 жылы туған зардап шегуші ауыр жарақатпен аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда.
Ақтөбе облыстық Полиция департаменті оқиға дерегін растап, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Күдікті бірден ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға орнына департамент басшылығы мен прокуратура өкілдері шықты. Іс ішкі қауіпсіздік басқармасының ерекше бақылауына алынған.

