STEPPENEWS.KZ: Алматыда адам ұрлау және денсаулыққа ауыр зиян келтіру күдігімен бірнеше адам қолға түсті. Ішкі істер министрлігі арнайы операция барысында қару-жарақ арсеналын тәркіледі.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жедел іс-шара кезінде 17 тінту жұмысы жүргізілген. Нәтижесінде жауынгерлік тапаншалар, нөмірі өшірілген Калашников автоматы және 500-ге жуық патрон табылды. Полицияның болжамы бойынша, бұл қару-жарақтар кәсіпкерлерге қысым көрсету үшін пайдаланылмақ болған.
Ведомство өкілдері операцияның дер кезінде жүргізілгенін, соның арқасында ауыр зардаптардың алдын алу мүмкін болғанын хабарлады. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда.

