STEPPENEWS.KZ: Қаржылық мониторинг агенттігі өз атынан әрекет ететін алаяқтар көбейгенін хабарлады. Ведомство мәліметінше, қаскөйлер агенттік өкілінің атынан жасалған дипфейк бейнероликтерді таратып, жалған сайттар құруда.
Мұндай бейнелерде «инвестор зардап шекті» деген ойдан шығарылған оқиғалар айтылады. Алайда азаматтар ақша салғаннан кейін алаяқтар түрлі «комиссия» мен «тексерулер» үшін қосымша төлем талап етеді. Кейін қаражатты қайтаруды «халық заңгері» арқылы жүзеге асырамыз деп алдайды.
Сондай-ақ жалған сайттарда пайдаланушылардан сауалнама толтырып, жеке деректерін енгізу сұралады. Бұл – деректерді заңсыз иемденудің бір тәсілі.
Ведомство мұндай барлық ұсыныстар мен сайттардың алаяқтық екенін қатаң ескертеді. Ақпараттың дұрыстығын тек ресми дереккөздер немесе тұрғылықты жеріңіздегі Экономикалық тергеп-тексеру департаменті арқылы ғана тексеру қажет.

