STEPPENEWS.KZ: 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Солтүстік және Орталық Азияда жаңа (greenfield) жобаларға инвестиция тарту жөнінен көшбасшы елге айналды. Тартылған қаражат көлемі шамамен $19 млрд-ты құрап, өткен жылмен салыстырғанда 266%-ға артқан. Бұл — субөңірдегі барлық инвестицияның шамамен 89%-ы Қазақстанның үлесіне тиесілі деген сөз.
Еліміздің инвестициялық тартымдылығы қалай сақталып отыр және капитал ағыны қандай факторлармен қалыптасады? Бұл жөнінде Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржы маманы Жания Сандыбай пікір білдірді.
«2022 жылдан кейін Қазақстан жаһандық логистика жүйесінде жаңа рөлге ие болды. Транскаспий бағытының, яғни Орта дәліздің дамуы елдің Қытай мен Еуропа арасындағы маңызды транзиттік хаб ретіндегі позициясын күшейтті. Сонымен қатар экономика шикізат, өнеркәсіп және инфрақұрылымға сүйене отырып, тұрақты өсімін жалғастырып келеді.
Халықаралық институттардың болжамынша, 2026 жылы ЖІӨ өсімі шамамен 4,5%-ды құрайды. Бұл көрсеткіш 2024–2025 жылдардағы қарқыннан біршама төмен болғанымен, ұзақ мерзімді инвестициялар үшін сенімді әрі тұрақты негіз қалыптастырады», — дейді сарапшы.
Оның айтуынша, институционалдық орта да маңызды рөл атқарады. 2026 жылы қор нарығын дамытуға және шетелдік инвесторлар үшін халықаралық стандарттарға сай жағдай жасауға бағытталған реформалар қолға алынды.
Капитал ағыны бірнеше негізгі инвесторлар тобы арқылы қалыптасады.
Бірінші әрі басты көз — халықаралық қаржы институттары. Олар ірі жобалардың негізін қалыптастырып, жеке инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтады.
Мәселен, Еуразиялық даму банкі өнеркәсіп, инфрақұрылым, металлургия және телекоммуникация салаларындағы жобаларға $5 млрд-тан астам инвестиция салған. Ал Дүниежүзілік банк Транскаспий дәлізін дамыту мақсатында $1,4 млрд көлеміндегі логистикалық жобаларды қаржыландыруды мақұлдады. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (AIIB) де инфрақұрылым саласындағы қатысуын кеңейтіп, Азиядан келетін ұзақ мерзімді капитал ағынын қалыптастырып отыр.
Екінші маңызды бағыт — азиялық инвесторлар. Азия елдерінен Орталық Азияға бағытталған инвестициялардың жалпы көлемі $68 млрд-қа жуықтаған. Негізгі қызығушылық энергетика, пайдалы қазбаларды өндіру, тау-кен металлургиясы және көлік инфрақұрылымы салаларына бағытталып отыр.
Сонымен қатар, ірі халықаралық компаниялар да Қазақстандағы қатысуын стратегиялық деңгейде күшейтуде. Мысалы, Mercuria мен Kazakhmys арасындағы мыс өндірісіне қатысты шамамен $1,2 млрд болатын мәміле — соның айқын дәлелі. Бұл трейдерлердің тек нарықта жұмыс істеумен шектелмей, жеткізу тізбегін толық бақылауға ұмтылатынын көрсетеді.
Дегенмен, капитал ағынының артуына қарамастан, Қазақстан экономикасында бірқатар құрылымдық шектеулер сақталып отыр. Олардың қатарында шикізат экспортына тәуелділік, әлемдік нарықтағы баға құбылмалылығы, инфляция және валюта бағамының тұрақсыздығы бар.

