STEPPENEWS.KZ: Қазақстан мен Түркия президенттері телефон арқылы сөйлесіп, қос мемлекет арасындағы бауырластық қарым-қатынастың басымдықтарын айқындады. Мемлекет басшылары Ораза айт пен Наурыз мейрамдарымен құттықтап, алдағы жоғары деңгейдегі кездесулердің маңызына тоқталды.
Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыұлттық референдумның сәтті өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады. Түркия басшысы бұл қадамды Қазақстанның ішкі және халықаралық әлеуетін нығайтатын парасатты саясаттың жемісі деп бағалады. Өз кезегінде Қазақстан Президенті түрік байқаушыларының референдумға қатысуын достас елдер арасындағы шынайы сенімнің көрінісі ретінде атап өтіп, алғыс білдірді.
Әңгімелесу барысында мамыр айына жоспарланған мемлекеттік сапар мен Астанада өтетін Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысына ерекше мән берілді. Сондай-ақ, Түркістанда өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті екіжақты байланыстарға тың серпін беретіні айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президентінің Анталиядағы Дипломатиялық форумға шақыртуын ықыласпен қабыл алды.

