STEPPENEWS.KZ: Қытайда көптен күткен Экологиялық жәнеқоршаған ортаны қорғау кодексініңжобасы 14-шi сайланған Бүкілқытайлықхалық өкілдері жиналысының төртіншісессиясына ұсынылды. Бұл Азаматтықкодекстен кейін «кодекс» мәртебесін алған Қытайдағы екінші ірі заңнамалық құжатыболып отыр. Осы арқылы ел экологиянықорғауда құқықтық реттеудің жаңа –кодификация кезеңіне ресми түрде қадамбасты.
Қытай жаңа экологиялық кодекске қадам басты
Құжат жобасы экологиялық саясаттың негізгі қағидаларын жүйелеп, қоршаған ортаны қорғау мен ластанудың алдын алу тетіктерін біріздендіреді. Сонымен қатар жасыл және төмен көміртекті даму, климаттың өзгеруіне бейімделу, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағыттары нақты айқындалған.
Айта кетерлігі, бұл кодексте әлемде алғаш рет «жасыл және төмен көміртекті даму» жеке бөлім ретінде қарастырылып отыр. Бұл Қытайдың экологиялық саясатында сапалы жаңа кезең басталғанын аңғартады. Яғни ел «салдарын жоюдан» алдын алуға, «пассивті әрекеттен» белсенді трансформацияға көшіп жатқанын көрсетеді.

Қытай тәжірибесі аясында «Жасыл даму» АҚ Шығарындылар саудасының жүйесі департаментінің бас менеджері Елхан Қамзабектің пікірін сұрап білдік. Сарапшы «Қазақстанға экологиялық кодекс керек пе?» деген сұраққа жауап берді.
Оның айтуынша, сараптамалық тұрғыдан алғанда, барлық заңға тәуелді нормативтік актілерді Экология кодексіне толық біріктіру орынды емес.
«Заңнаманы шамадан тыс жүйелеу кодекстің шамадан тыс күрделенуіне және оны іс жүзінде қолдану қиынға соғуы мүмкін. Экологиялық реттеу парниктік газдар шығарындыларын мен сіңірулерін реттеу, көміртегі бірліктерінің саудасы және офсеттік механизмдер және т.б. көптеген техникалық күрделі әрі үнемі өзгеріп отыратын бағыттарды қамтиды. Олардың бір кодекс аясында толық реттеу оны тым көлемді және қолдануға қолайсыз етеді. Кодекс негізгі ұстанымдар мен негіздемелік нормаларды белгілейді, ал арнайы қағидалар оларды іске асыру тәртібін нақтылап, анағұрлым икемді әрі егжей-тегжейлі болып келеді. Бұл тәсіл кодекске үнемі өзгерістер енгізбей-ақ, арнайы қағидаларды жедел жаңартуға мүмкіндік береді. Осылайша, кодексті сілтемелік нормаларымен бірге сақтап, жүйе құраушы акт ретінде, ал егжей-тегжейлі тетіктерді заңға тәуелді актілер деңгейінде сақтау оңтайлы», — дейді ол.
Қазақстан үшін жасыл саясаттың маңызы
Сарапшы атағандай, еліміз үшін «Жасыл және төмен көміртекті даму» саясаты еліміз үшін аса өзекті.
«Қазақстан 2060 жылға қарай көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу жөнінде міндеттеме қабылдады. Мұндай жағдайларда кодекс немесе оның негізгі ережелері деңгейінде жасыл өсу және декарбонизация ұстанымдарын біріктіру тұрақты даму моделіне жүйелі түрде көшуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай саясат инвестициялық тартымдылықты арттырумен, халықаралық талаптарға сәйкестікті қамтамасыз етумен және экспорттың бәсекеге қабілеттілігін сақтаумен тікелей байланысты», — дейді
Елхан Қамзабек атағандай, Қазақстанның Экология кодексінде парниктік газдар шығарылуы мен сіңірілуі саласындағы мемлекеттік реттеуге қатысты ережелер көзделген және кодексте қажетті құқықтық негізді қалыптастыра отырып, төмен көміртекті даму мәселелері қамтылған.
Қытай көмірқышқыл газы шығарындыларының ең жоғары шегіне жету және көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу мақсатын қойып отыр. Қазақстан бұл бағытта қандай қадамдар жасауы керек?
«Парниктік газдар шығарындыларын азайту және көміртекті бейтараптыққа көшу мақсаттарына қол жеткізу үшін Қазақстанға дәйекті шаралар кешенін іске асыру қажет. Бірінші кезекте жаңартылатын энергия көздерінің үлесін ұлғайту, жел және күн электр станцияларын салу, сондай-ақ энергияны жинақтаудың заманауи технологияларын енгізу талап етіледі. Шығарындыларды есепке алудың ашықтығын арттыруды қоса алғанда, көміртегі бірліктерінің сауда жүйесін жетілдіру маңызды рөл атқаруы тиіс», — деді ол.
Оның айтуынша, өнеркәсіпте өндірісті жаңғырту және энергия тиімділігін арттыру қажет.
«Сонымен қатар, шығарындыларды мониторингтеу, есеп беру және верификациялау жүйелерін дамыту, сондай-ақ орманды қалпына келтіруді және басқа да табиғи-климаттық шешімдерді қоса алғанда, көміртекті сіңіру жобаларын іске асыру қажет», — дейді сарапшы.
Қытай тәжірибесі: нені ескеру керек
Ол Қытайдың экологиялық заңнаманы жүйелеу тәжірибесі Қазақстандағы экологиялық саясатты реформалауда пайдалы болуына қатысты пікірін айтты.
«Экологиялық заңнаманы жүйелеу жөніндегі халықаралық тәжірибе Қазақстан үшін одан әрі реформалар жүргізу барысында пайдалы болуы мүмкін, алайда ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып бейімдеу қажет. Ең құнды элементтерге нормаларды жүйелі түрде біріктіру, экологиялық және экономикалық саясатты ықпалдастыру, нормативтік актілердің нақты иерархиясын қалыптастыру және экологиялық құқықбұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту. Сонымен бірге институционалдық модельдегі және басқаруды орталықтандыру деңгейіндегі айырмашылықтарды ескеру қажет.
Осыған байланысты Қазақстан үшін ең оңтайлы тәсіл – шетелдік тәжірибені толық алып пайдалану емес, ұлттық құқықтық және экономикалық жүйені ескере отырып, ең тиімді құралдарды іріктеп енгізу», — деп түйіндеді ол.

