STEPPENEWS.KZ: Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан қасиетті Ораза айт және әз-Наурыз мейрамдарына орай бір-біріне ізгі тілектерін жолдады. Мемлекет басшыларының жеделхаттарында бауырлас халықтар арасындағы рухани сабақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайту мәселелері өзек болды.
Иран Президенті Масуд Пезешкиан өз құттықтауында мейірім мен берекеге толы бұл айтулы күндердің мұсылман үмбеті үшін маңыздылығына тоқталды. Ол қастерлі мерекелер елдер арасындағы татулықты бекемдеп, өзара ықпалдастықтың жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Иран халқын жаңару мен жаңғырудың символы – Наурыз мейрамымен және рухани тазару кезеңі – Ораза айтпен құттықтады. Мемлекет басшысы Таяу Шығыс аймағында тұрақтылықтың орнауына және бауырлас халықтардың ынтымағы беки түсуіне тілектестік білдірді.
Президент Ораза айт пен Наурыздың нұрлы рухы Иран еліне бейбітшілік, құт-береке және өркендеу әкелуін тіледі. Бұл дипломатиялық хат алмасу екі ел арасындағы мәдени-рухани байланыстардың жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

