STEPPENEWS.KZ: «Қазгидромет» таратқан дауылды ескертуге сәйкес:
Күндіз ауа температурасының +5…+10°C-қа дейін көтерілуіне, ал оңтүстік аудандарда +13°C-қа жетуіне (түнде 0…+5°C), сондай-ақ 24 наурыз күні оңтүстік, солтүстік және шығыс аудандарда жауын-шашынның (негізінен жаңбыр) болжануына байланысты 23–25 наурыз аралығында Абай облысында қардың қарқынды еруі жалғасады.
Өзендердегі мұз әлсіреп, еріген қар суы мен беткейлік ағын қалыптасады, су деңгейі көтеріледі. Соның салдарынан өзендер арнасынан асып, кей жерлерді су басу қаупі бар.
Осыған ұқсас жағдай Шығыс Қазақстан облысында да күтіледі.
23–25 наурыз аралығында ауа температурасының +5…+10°C-қа дейін көтерілуі және 24 наурызда жауын-шашынның (жаңбыр, қар) түсуіне байланысты қар қарқынды ериді. Өзендердегі мұз әлсіреп, еріген қар суы ағып, су деңгейі көтеріледі. Нәтижесінде кей аумақтарды су басу қаупі бар.
Ал Батыс Қазақстан облысында 24–30 наурыз аралығында ауа температурасы күрт +13…+22°C-қа дейін көтеріледі, түнгі температура нөлден жоғары болады және жаңбыр жаууы мүмкін. Осыған байланысты қар жаппай еріп, еріген қар суы жиналады.
Өзен арналары қар суымен толып, мұз әлсірейді, су деңгейі көтеріледі. Соның салдарынан су тасқыны қаупі туындауы мүмкін.

