STEPPENEWS.KZ: Бүгін күнтізбеде мерекелер тоғысқан ерекше күн. Әз-Наурызбен қатар, әлем жұртшылығы кәсіби шеберліктен бастап, экологиялық мәселелер мен тіпті «ресми» жалқаулыққа дейінгі түрлі атаулы күндерді атап өтуде.
Алғашқы таксилер мен сары түстің құпиясы

Дәл осы күні бүкіл әлем такси жүргізушілерінің кәсіби мерекесін тойлайды. Тарихқа көз жүгіртсек, 1907 жылы Лондон көшелеріне есептеуіш құралы бар алғашқы көліктер шыққан. Жүргізушілер бұл құрылғыны «таксиметр» (французша «такс» – ақы, грекше «метрон» – өлшеу) деп атаған. Қызығы, алғашқы таксилер жасыл және қызыл түсті болса, бүгінгі біз білетін сары түсті Hertz Corporation негізін қалаушы Джон Хертц енгізген. Ол сары түстің алыстан тез байқалатынын дәлелдеп, бұл салаға өзіндік қолтаңбасын қалдырды.
Тіршілік көзі – су ресурстары

Бүгін сонымен қатар Дүниежүзілік су ресурстары күні. 1992 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен БҰҰ конференциясында ұсынылған бұл бастама 1993 жылдан бері тұрақты атап өтіліп келеді. Бұл күн адамзатты суды үнемдеуге, табиғатты қорғауға және таза ауыз судың қадірін білуге шақырады. Жер бетіндегі әрбір тіршілік иесі үшін судың орны бөлек екенін ескерсек, бұл мерекенің маңызы өте зор.
Жалқаулыққа заңды сылтау: «Түк бітірмеу» күні

Бүгінгі күннің ең оғаш әрі қызықты мейрамы – Дүниежүзілік «түк бітірмеу» күні. 2010 жылы жұмыссыздық бойынша ұйым қабылдаған бұл мереке қолы бос, демалғысы келетін жандарға арналған. Егер ара-тұра жұмыстан шаршап, жалқаулығыңыз ұстап қалса, бүгін соған толықтай құқығыңыз бар.
Айта кетерлігі, бүгін маскүнемдер күні де атап өтіледі. Алайда, бұл ішімдікті насихаттау емес, керісінше, оның зиянын ұғыну күні. Зерттеулерге сүйенсек, алкоголь адам миының белсенділігін төмендетіп, қауіпті сезу түйсігін жояды. Сондықтан бұл күнді салауатты өмір салтын насихаттауға арнаған абзал.

