STEPPENEWS.KZ: Әлемдік нарықтағы мұнай бағасының қымбаттауы Қазақстандағы еңбекақы мөлшерін қайта қарауға қосымша мүмкіндіктер туғызбақ. Бұл туралы Вице-премьер Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, шикізат құнының жоғарылауы мұнай-газ секторындағы кәсіпорындардың табысын арттырып, бюджет түсімдеріне оң ықпал етеді.
Үкімет басшысының орынбасары экспорттық кедендік баж салығы тікелей мұнай бағасына байланғанын, сондықтан баға өскен сайын мемлекет қазынасына түсетін қаражат та көбейетінін атап өтті. Бұл өз кезегінде әлеуметтік төлемдер мен жалақы мәселесіне әсер етпек.
«Компаниялар көбірек табыс табады, сәйкесінше жалақыны көтеруі мүмкін. Салық түсімдері де артады. Осылайша жалақыны индексациялау туралы шешім қабылдауға мүмкіндік пайда болады», – деді Қанат Бозымбаев.
Дегенмен, түскен пайданың негізгі бөлігі тікелей бюджетке емес, Ұлттық қорға бағытталады. Вице-премьер бұл қадамның экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін маңызды екенін түсіндірді:
«Мұнай-газ компанияларының табысы айтарлықтай өседі. Бірақ оның негізгі бөлігі Ұлттық қорға жинақталады. Бұл «голланд дертіне» жол бермеу үшін жасалған».
Осылайша, мемлекет экономиканың шикізатқа шектен тыс тәуелді болып кетпеуін бақылауда ұстап отыр.

