STEPPENEWS.KZ: Әлеуметтік желілерде тараған киіктердің теміржол үстіндегі видеоларына қатысты «Қазақстан темір жолы» компаниясы жануарларды басып кету кадрлары архивтік екенін мәлімдеді. Компания өкілдерінің айтуынша, Колутон – Жалтыр және Жеңіс – Қызылжар учаскелеріндегі оқиғалар 2024–2025 жылдары орын алған.
Сол кезеңде бұл аумақтарда қоршаулар болмағандықтан, қазіргі уақытта ҚТЖ жануарлардың жолға шығуын болдырмау үшін қорғаныс кедергілерін орнатуда. Алайда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциялары бұл құрылымдар ақбөкендердің табиғи көші-қонына кедергі келтіреді деп, оларды бұзуды талап етуде. Соның салдарынан қоршаулардың бір бөлігі алынып тасталып, жануарлардың теміржол төсеміне шығуына қайта жол ашылып отыр.
Жүк пойызының тежеу жолы жүздеген метрді құрайтындықтан, машинистер табын кенеттен пайда болғанда соқтығысуды тоқтата алмайды. Осыған байланысты компания баспасөз қызметі мынадай мәлімдеме жасады:
«ҚТЖ бейінді ведомстволарды пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне нұқсан келтірмей, киіктер популяциясын қорғауға мүмкіндік беретін шешімді бірлесіп іздеуге шақырады».

