STEPPENEWS.KZ: Қазақстанда балабақшалар мен колледждерде медиация қызметтері енгізілуде. Бұл қызметтер балалар мен студенттер арасындағы жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге және буллингтің алдын алуға бағытталған.
Жобаны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жүзеге асыруда. Медиация қызметтері мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде бүкіл ел бойынша іске қосылады.
Негізгі мақсат – балалар, студенттер, педагогтер мен ата-аналар арасындағы келіспеушіліктерді ушықтырмай, өзара келісім арқылы шешу.
Сонымен қатар мамандар буллингтің алдын алып, оқу ортасындағы агрессия деңгейін төмендетумен айналысады.
Қалай жұмыс істейді:
Балабақшаларда басты назар ерте жастан қарым-қатынас дағдыларын дамытуға аударылады. Балаларға келісімге келу, бөлісу және жанжалдан сабырмен шығу жолдары үйретіледі.
Ал колледждерде медиация қызметтері студенттер арасындағы дауларды шешуге және буллингтің алдын алуға бағытталады.
Құрамында кімдер болады:
Топтарда педагогтер, психологтар және әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді. Сонымен бірге ата-аналар, қоғам өкілдері және білім алушылар да (жасына қарай) тартылады.
Бірыңғай ережелер:
Жұмысты ұйымдастыру үшін арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленген. Құжаттарды Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы дайындаған. Онда жанжалдарды шешудің нақты құралдары көрсетілген.
Министрлік мәліметінше, бұл қызметтер білім беру процесіне қатысушылар арасындағы дауларды бейбіт реттеуге және буллингтің алдын алуға көмектеседі.

